Атырау полициясы: Мереке күндері 800-ден астам хабарлама келіп түсті

Атырау полициясы: Мереке күндері 800-ден астам хабарлама келіп түсті
Атырау облысы аумағында 4–6 шілде аралығында мерекелік демалыс күндері полиция қызметкерлері күшейтілген режимде өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Дрон көмегімен 7 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Мерекелік көпшілік іс-шаралар кезінде қалалық полиция бөлімдерінің қызметкерлері ата-аналардың айрықша алғысына ие болды. Көпшілік орында ата-анасынан көз жазып қалған 3 бүлдіршін жедел түрде табылып, отбасыларына аман-есен қайтарылды. Тәртіп сақшылары ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, көпшілік орындарда оларды қараусыз қалдырмауға шақырады.
Айта кету керек, рейдтік іс-шаралар барысында түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің қарауынсыз көшеде жүрген 70-тен астам жасөспірім анықталды. Полиция департаменті кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруіне заң бойынша тыйым салынғанын және мұндай жағдайда ата-аналардың жауапкершілікке тартылатынын еске салады.
Сондай-ақ, мереке күндері масаң күйде көлік басқарған 5 жүргізуші анықталып, 3 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан зардап шеккендер де бар. Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, ал жаяу жүргіншілерді жолдан өту кезінде барынша сақ болуға үндейді.
Құрметті облыс тұрғындары!
Егер сіз қандай да бір құқық бұзушылықтың куәгері болсаңыз немесе көмек қажет болса, дереу «102» арнасына хабарласыңыз.
Тәртіп – баршамызға ортақ жауапкершілік!