Қала тұрғындарына интернет алаяқтығынан сақтану жолдары түсіндірілді

Қала тұрғындарына интернет алаяқтығынан сақтану жолдары түсіндірілді
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының алаңында өткен акустикалық кеш барысында Атырау облысы полиция департаментінің қызметкерлері тұрғындармен профилактикалық кездесу өткізді. Іс-шара аясында Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Дәурен Мұханбетәлиев қала тұрғындарына интернет алаяқтығының алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
 
Тәртіп сақшысы азаматтарға интернет алаяқтарының жиі қолданатын айла-тәсілдері туралы айтып, күмәнді сілтемелерге өтпеу, банк картасының деректері мен SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге бермеу, сондай-ақ белгісіз нөмірлерден түскен қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар тұрғындардың сұрақтарына жауап беріліп, интернет алаяқтығының алдын алу бойынша жадынамалар таратылды.
 
- Интернет алаяқтары көбіне азаматтарды асықтырып, қорқыту немесе жалған тиімді ұсыныстар арқылы алдап соғады. Сондықтан кез келген күмәнді қоңырау мен хабарламаға сын көзбен қарап, ақша аудару немесе жеке мәліметтерді ұсынбас бұрын ақпараттың шынайылығына көз жеткізу қажет. Жыл басынан бері облыста интернет алаяқтығына қатысты 450-ден астам дерек тіркелді. Әрбір азаматтың сақтығы мен қырағылығы мұндай қылмыстардың құрбаны болмаудың басты кепілі, – деді жедел уәкіл, полиция капитаны Дәурен Мұханбетәлиев.