Атырауда бет-әлпетті жабуға қатысты заң талаптарын бұзған 150 азамат жауапқа тартылды

Атырауда бет-әлпетті жабуға қатысты заң талаптарын бұзған 150 азамат жауапқа тартылды

Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін толықтай жабатын киімдерді киюге қатысты заңнама талаптарын түсіндіру мақсатында тұрғындар арасында профилактикалық рейдтік іс-шаралар жүргізді.

Іс-шара барысында полицейлер азаматтарға қолданыстағы заң талаптарын түсіндіріп, аталған нормалардың негізгі мақсаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, оның ішінде діни сенім бостандығын шектеу емес екенін жеткізді. Бұл талаптар, ең алдымен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қоғамдық орындарда тұлғаны анықтау мүмкіндігін жеңілдетуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған. Сондай-ақ, тұрғындарға заң талаптарын сақтау – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал ететіні түсіндірілді.

Жыл басынан бері аталған заң талаптарын бұзғаны үшін 150 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осыған байланысты полицейлер тұрғындарды заң талаптарын қатаң сақтауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырды.

Айта кетейік, 2025 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін толықтай жабатын киімдерді киюге тыйым салатын заңнамалық өзгерістер күшіне енді.