Атырауда есірткіге қарсы айлық қорытындыланды

Атырауда есірткіге қарсы айлық қорытындыланды
Атырауда Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай өткен есірткіге қарсы айлық қорытындыланды. 26 мамыр мен 26 маусым аралығында өткен республикалық есірткіге қарсы айлық аясында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері 100-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізді. Айлықты қорытындылау мақсатында Сұлтан Бейбарыс алаңында «Мен өмірді таңдаймын!» ұранымен мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Негізгі мақсаты – тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу.
Акцияға 1000-ға жуық қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған іс-шараларға белсенді атсалысты. Фестиваль қонақтары үшін спорттық жарыстар, түрлі байқаулар мен викториналар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Іс-шараға Полиция департаменті жанындағы Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, спортшылар, қоғам белсенділері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Акция барысында тұрғындарға есірткінің зияны мен оның құқықтық салдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жастар салауатты өмір салтын ұстануға шақырылды.