Атыраудың бас полицейі БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады

Атыраудың бас полицейі БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Атырау облысы полиция департаментінде өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Атырау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Оңал Бекеев журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамды шынайы әрі жедел ақпаратпен қамтамасыз етудегі, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен халық арасындағы ашықтық пен өзара сенімді нығайтудағы маңызды рөлін ерекше атап өтті.
Өз сөзінде департамент бастығы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және полиция қызметінің ашықтығын қалыптастыру бағытындағы ақпараттық қолдауы құқық қорғау органдарының жұмысына оң ықпал ететінін айтып, жемісті ынтымақтастықтары үшін алғыс білдірді.
Шара аясында өңірдегі ақпарат саласының дамуына, полиция қызметін жан-жақты насихаттауға және қоғаммен тиімді ақпараттық байланыс орнатуға қосқан үлесі үшін бірқатар журналистер мен Атырау облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің қызметкерлері департамент бастығының Алғыс хатымен марапатталды.