Қылмыстың әрбір ізі – бір жұмбақ. Ал сол жұмбақтың шешімін тауып, ақиқатты анықтау – тергеушінің басты міндеті. Атырау облысы полиция департаментінің тәжірибелі тергеушісі Темірхан Қажымұратов кәсіби шеберлігі, байқағыштығы және дәлелдерді жан-жақты талдай білу қабілетінің арқасында көпшілік арасында «Атыраулық Шерлок» деген бейресми атаққа ие болған.
Көп жылдық қызметінде ол қоғамда резонанс тудырған бірқатар ауыр қылмыстық істерді тергеп, олардың жан-жақты және объективті зерттелуіне үлес қосты. Солардың қатарында қоғам назарын аударған Яна Легкодимоваға қатысты іс те бар.
Темірхан Қажымұратов тергеген істердің ішінде Жылыой ауданында 7 жастағы қыз балаға қатысты жасалған аса ауыр қылмыс та ерекше орын алады. Тергеу барысында жиналған дәлелдемелер мен жүргізілген процессуалдық жұмыстардың нәтижесінде сот кінәлі деп танылған адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ, Индер ауданында екі сәбидің қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша да тергеу жұмыстарына қатысып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға атсалысты. Іс бойынша жиналған дәлелдер сотта қаралып, нәтижесінде сот айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Қазіргі уақытта оның өндірісінде болған тағы бір резонансты іс – Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесінің қаза болуына қатысты қылмыстық іс. Тергеу аяқталып, іс соттың қарауына жолданған. Қазіргі таңда сот талқылауы жалғасып жатыр.
Әріптестері Темірхан Қажымұратовты жауапкершілігі жоғары, сабырлы әрі өз ісіне адал маман ретінде сипаттайды. Оның пікірінше, тергеушінің басты міндеті – істі тез аяқтау емес, барлық дәлелдемені мұқият жинап, шындықты анықтауға және әділ сот төрелігін жүзеге асыруға қажетті негіз қалыптастыру.
Көзге көп көріне бермейтін, бірақ үлкен жауапкершілікті талап ететін тергеуші еңбегі қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ал Темірхан Қажымұратовтың кәсіби жолы – заң үстемдігі мен әділдік қағидатына адал қызмет етудің айқын үлгісі.