Егіз сақшылар ел тыныштығы күзетінде

Егіз сақшылар ел тыныштығы күзетінде
Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету – батылдық пен жауапкершілікті талап ететін абыройлы жол. Осы жолды таңдаған егіз ағайынды Сарбуфиндер бүгінде ішкі істер органдарында қызмет атқарып, тұрғындардың тыныштығы мен заңдылықтың сақталуына өз үлестерін қосып келеді. Бір шаңырақта тәрбиеленіп, бірдей құндылықтарды бойына сіңірген қос бауырдың өмірлік таңдауы да ортақ мақсатпен үндескен.
Полиция аға лейтенанты Асан Сарбуфин Атырау облысы полиция департаментінің Исатай аудандық полиция бөлімінде патрульдік полиция тобының инспекторы қызметін атқарады. Ол қызмет барысында жинаған тәжірибесі мен кәсіби шеберлігін ел игілігі жолында пайдаланып, аудан тұрғындарының қауіпсіз өмір сүруіне және құқық бұзушылықтардың алдын алуға атсалысып келеді.
Ал оның егіз бауыры Үсен Сарбуфин Атырау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонында қызмет инспекторы болып еңбек етеді. Күнделікті жұмыста ол азаматтардың құқықтарын қорғауға, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрғындардың сенімін нығайтуға бағытталған міндеттерді атқаруда. Егіз бауырлар әрқайсысы өз саласында табандылық пен адалдықтың үлгісін көрсетіп келеді.
Ағайынды Сарбуфиндер үшін полиция қызметі – жай ғана мамандық емес, ел алдындағы жауапкершілік пен антқа адалдықтың көрінісі. Бір отбасынан шыққан қос тәртіп сақшысының еңбек жолы жастарға өнеге болып, Отанға қызмет етудің жарқын үлгісін танытады. Олар халықтың сенімін ақтап, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жолында аянбай еңбек етіп келеді.