Боз кілемдегі батыр, қызметтегі кәсіби маман – полиция майоры Нұрболат Ыстыбаев

Боз кілемдегі батыр, қызметтегі кәсіби маман – полиция майоры Нұрболат Ыстыбаев
Боз кілемде белдесіп, әлемдік додаларда өзінің жоғары шеберлігін дәлелдеген полиция майоры Нұрболат Ыстыбаевтың жетістіктері бүгінде Атырау облысы полиция департаментінің мақтанышына айналды. Ол – белбеу күресі мен қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, сондай-ақ самбодан спорт шебері. Талай байрақты бәсекеде топ жарып, Әлем чемпионаттарының алты дүркін жүлдегері атанған Нұрболат қазақ күресінен Еуропа чемпионы, самбодан Азия чемпионы ретінде ел абыройын асқақтатып, көк Туымызды халықаралық ареналарда бірнеше мәрте желбіретті.
Қазіргі таңда Нұрболат Ыстыбаев Атырау облысы полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағында аға инспектор қызметін атқарады. Ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің түлегі және ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2015 жылы бастаған. Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келген тәртіп сақшысы бүгінде қызмет пен спортты қатар алып жүрген білікті маман ретінде танылып отыр.
Спорттағы жеңістеріне қарамастан, оның басты миссиясы – халыққа адал қызмет ету. Мұны қызмет барысында жасаған нақты әрекеттері айқын дәлелдейді. 12 сәуір күні Мақат ауданынан іссапардан қайтып келе жатқан сәтте әріптесі, полиция капитаны Асылжан Мұстафинмен бірге Атырау–Құлсары тас жолы бойында жол жиегіне шығып кеткен Shacman жүк көлігін байқайды. Оқиға орнына дереу тоқтаған полицейлер жүргізушінің есінен танып қалғанын анықтап, еш кідірместен алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырады. Кейін 43 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматы медицина қызметкерлеріне табысталды. Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби іс-қимылының арқасында азаматқа дер кезінде көмек көрсетіліп, оның өміріне төнген қауіптің алдын алуға мүмкіндік туды.
Қызметтің қауырттылығына қарамастан, Нұрболат Ыстыбаев бос уақытында бауырларымен бірге жасөспірімдер мен жастарды күрес өнеріне баулып, олардың бойына тәртіп пен табандылықты дарытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосып келеді. Ол өз жетістіктерінің бастауында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы Марат Абдуалиевтің тәлімі тұрғанын ерекше мақтанышпен айтады.
Жеке өмірінде Нұрболат Ыстыбаев – сүйікті жарының сенімді серігі әрі бес қыздың қамқор әкесі. Ол отбасылық құндылықтарды жоғары бағалап, қыздарының бойына еңбекқорлық, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіруге ерекше көңіл бөледі.
Спортта ел намысын абыроймен қорғап, қызметте азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген Нұрболат Ыстыбаевтың өмір жолы – қайсарлықтың, кәсібиліктің, патриотизмнің және елге деген адал қызметтің жарқын үлгісі.