Қызметте – қырағы, спортта – қайсар: Исатайлық полицей «Алыптар сайысында» ерекше күш-жігерімен танылды

Қызметте – қырағы, спортта – қайсар: Исатайлық полицей «Алыптар сайысында» ерекше күш-жігерімен танылды
Исатай ауданында алғаш рет ұйымдастырылған «Алыптар сайысы» көрермендердің зор қызығушылығын тудырған тағылымды додаға айналды. Күш пен төзімділік сынға түскен жарыста аудан намысын абыроймен қорғағандардың қатарында Исатай аудандық полиция бөлімінің кезекші-көмекшісі, полиция қызметкері Нұрқуат Қахарманұлы Умаров та болды. 1979 жылдың 23 мамырында Аққыстау ауылында дүниеге келген Нұрқуат Умаров көпбалалы отбасында тәрбиеленіп өсті. Жастайынан спортқа қызығып, мектеп қабырғасында-ақ кір тасын көтерумен айналыса бастаған ол бұл әуестігін өмірлік ұстанымына айналдырды. Табандылық пен тұрақты дайындықтың нәтижесінде кір тасын көтеру және қол күресі бойынша аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды.
Ал биыл алғаш рет өткен «Алыптар сайысында» ол өзінің тек физикалық дайындығын ғана емес, қайсар мінезі мен жігерін де паш етті. Қатысушылар 39 жолаушы мінген автобусты сүйреу, салмағы 260 келі болатын арнайы техника дөңгелегін белгіленген қашықтыққа жеткізу секілді күрделі кезеңдерде бақ сынады.
Көрермендердің ерекше ықыласына бөленген сәттердің бірі – Нұрқуат Умаровтың «Газель» автокөлігін арқасымен сүйреуі болды. Бұл сынаққа арнайы дайындалмағанына қарамастан, ол бар күш-жігерін жинап, тапсырманы орындауға барын салған.
«Күш – атасын танымас» дейді халқымыз. Мен үшін ең бастысы – намысты қолдан бермеу болды. Бар күшімді салып, өзіме сендім», – дейді тәртіп сақшысы.
Нұрқуат Қахарманұлы бұл жарысқа ешқандай міндеттеу немесе тапсырмасыз, өз еркімен қатысқанын айтады. Оның сөзінше, туған ауданның намысын қорғау – әр азаматтың парызы. Полиция қызметіндегі еңбек жолын ол 2007 жылдың сәуір айында бастаған. Содан бері ішкі істер органдарында адал қызмет етіп, бүгінде Исатай аудандық полиция бөлімінде кезекші-көмекшісі ретінде жауапты міндет атқарып келеді. Қызметтегі тәртіп пен спорттағы табандылықты қатар ұстанған ол бос уақытын үнемі жаттығуға арнап, өзін физикалық және рухани тұрғыдан шыңдап отырады.
Бес баланың әкесі ретінде Нұрқуат Умаров ұрпағына да салауатты өмір салтын ұстануды, еңбекқорлықты, үлкенге құрмет көрсетуді және ұлттық құндылықтарды қастерлеуді дәріптеп келеді.
«Спорт – тек күш сынасу емес, ол мінезді қалыптастыратын үлкен мектеп. Адам жеңісті де, жеңілісті де қабылдай білуі керек. Сонда ғана өмірдің түрлі сынақтарына төтеп бере алады», – дейді ол.
Қызметте сергек, спортта шыңдалған Нұрқуат Умаров алдағы уақытта да түрлі жарыстарға қатысып, жастарды спортпен айналысуға ынталандыруды мақсат етеді. Оның еңбекқорлығы, отансүйгіштігі мен табандылығы – жас буынға үлгі боларлық өнеге, ал полиция қызметкерінің қоғам алдындағы жауапкершілігін айқын көрсететін жарқын мысал.