Атырауда отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесі мәселелері талқыланды

Атырауда отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесі мәселелері талқыланды
Атырау облысы полиция департаментінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Райса Айтжанова Атырау көлік және коммуникация колледжі студенттерінің ата-аналарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында жасөспірімдердің тәрбиесі, олардың мінез-құлқын дұрыс қалыптастыру, отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершілік, сондай-ақ жастар арасында зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Полиция қызметкері ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлі ерекше екенін атап өтіп, әрбір ата-ана баласының жүріс-тұрысына бейжай қарамауы қажет екенін жеткізді.
- Жыл басынан бері Атырау облысында отбасы тыныштығын бұзған 2456 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушыларға қатысты 2132 қорғау нұсқамасы шығарылған. Құрметті ата-ана! Отбасында берілген тәрбие оның болашақтағы мінез-құлқы мен өмірлік ұстанымының қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан балаларыңыздың тәрбиесіне мұқият болып, оның ортасы мен бос уақытын назардан тыс қалдырмаңыздар, - деді полиция подполковнигі.