Атырауда полицей шетелде жұмыс ұсынған алаяқтарға сенген тұрғынның 660 мың теңгесін қайтарды

Атырауда полицей шетелде жұмыс ұсынған алаяқтарға сенген тұрғынның 660 мың теңгесін қайтарды
Атырау қаласының тұрғыны әлеуметтік желі арқылы шетелде жұмысқа орналасуға ниеттеніп, алаяқтардың арбауына түскен. 57 жастағы азамат әлеуметтік желіде жарияланған Еуропа елдеріне жұмысқа орналастыру жөніндегі хабарландыруға қызығушылық танытып, белгісіз тұлғалармен байланысқа шыққан. Кейін олар еңбек визасын рәсімдеу сылтауымен оның сеніміне кіріп, 660 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын дропперлердің банк шоттарына аудартқан.
Атырау облысы полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Нұрбек Нұғмановтың жедел әрекет етуінің нәтижесінде қаражаттың одан әрі аударылуы тоқтатылып, жәбірленушінің 660 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражаты толық көлемде қайтарылды.
Полицейдің кәсіби жұмысының арқасында азамат қаржылық шығынға ұшыраған жоқ.
Құрметті тұрғындар! Әлеуметтік желілерде ұсынылатын күмәнді жұмысқа орналастыру қызметтеріне сенбеңіздер. Ақша аудармас бұрын ақпараттың шынайылығын мұқият тексеріп, жеке деректеріңізді бейтаныс адамдарға бермеңіздер. Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда дереу 102 арнасына хабарласыңыздар.