Атырауда арнайы мақсаттағы бөліністер арасында республикалық тактикалық көпсайыс турнирі өтті

Атырауда арнайы мақсаттағы бөліністер арасында республикалық тактикалық көпсайыс турнирі өтті
6-9 маусым аралығында Атырау қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің ауыспалы Кубогына арналған полиция мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөліністері арасындағы IV республикалық тактикалық көпсайыс турнирі өтті. Ауқымды додаға ІІМ-нің «С» қызметі, Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімдері, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық өңірлерінен келген арнайы жасақ қызметкерлері қатысты.
Турнирдің ашылу рәсіміне Атырау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Оңал Бекеев қатысып, жарысқа жиналған командаларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде мұндай жарыстар арнайы мақсаттағы бөліністердің кәсіби даярлығын жетілдіруге, тәжірибе алмасуға және жауынгерлік әзірлікті арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Төрт күнге созылған жарыс барысында қатысушылар қарумен дәл ату, кедергілер жолағынан өту, арнайы операция элементтерін орындау, штурмдық әрекеттер және зардап шеккендерді эвакуациялау секілді түрлі сынақтардан өтті. Турнир арнайы мақсаттағы бөліністердің кәсіби шеберлігін арттырып, өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталды.