Атырауда полицейлер жолда қалған шетелдік жүргізушіге көмек көрсетті

Атырауда полицейлер жолда қалған шетелдік жүргізушіге көмек көрсетті
Ақтөбе – Астрахань тас жолының 742-шақырымында жеңіл автокөліктер тиелген автовоз жүк көлігі қозғалтқышының істен шығуына байланысты жолда тоқтап қалды.
Жүк көлігін Тәжікстан Республикасының азаматы басқарған. Техникалық ақау салдарынан жүргізуші қозғалысын жалғастыра алмай, бірнеше күн бойы жол бойында қалуға мәжбүр болған. Сонымен қатар, тиелген автокөліктерді қараусыз қалдыру мүмкін болмағандықтан, жақын маңдағы елді мекендерге баруға да жағдай болмаған.
Осы уақытта патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Ернар Қайржанов пен Әділет Аграмов жүргізушімен тұрақты байланыста болып, оған азық-түлік пен ауыз су жеткізіп отырған. Сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті шаралар қабылдаған. Кейін арнайы техниканың көмегімен автовоз жол жиегінен шығарылып, арнаулы ашық алаңға жеткізілді. Қазіргі уақытта жүк көлігі қауіпсіз жерге орналастырылған.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті мен жауапкершілігінің арқасында жүргізуші қажетті қолдауға ие болып, көлік құралы қауіпсіз жерге көшірілді.