4 маусым күні сағат 22:10 шамасында Атырау облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызмет аға инспекторы, полиция капитаны Ернар Қайржанов пен полиция аға лейтенанты Нұркен Маратов Исатай ауданы Тұщықұдық ауылы аумағындағы теміржол өткелі маңында қызмет атқару барысында шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болған 2 жасар баланы ауруханаға жеткізуге көмек көрсетті.
Теміржол өткелінде кезекте тұрған Лada Granta автокөлігінің жүргізушісі полиция қызметкерлеріне 2 жасар баланың трактордан құлап, басынан жарақат алғанын айтып, оны ауруханаға шұғыл жеткізуге көмек сұраған. Уақыттың тығыздығын ескерген тәртіп сақшылары арнайы сигналдық құрылғыларды пайдалана отырып, баланы әжесімен бірге аудандық ауруханаға жедел жеткізді.
Полицейлердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде зардап шеккен бала дер кезінде медициналық көмек алды. Полиция департаменті азаматтарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, кәмелетке толмағандарды қараусыз қалдырмауға және қауіпті техникалардың маңында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.