4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Атырауда салтанатты жиын ұйымдастырылды.
Іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен Атырау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Оңал Бекеев қатысты. Салтанатты жиын барысында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды.
Жиын барысында облыс әкімі Серік Шәпкенов мемлекеттік рәміздердің ел өміріндегі маңызына тоқталып, олардың жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі ерекше рөлін атап өтті. Өз кезегінде Атырау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Оңал Бекеев полиция қызметкерлерін мерекемен құттықтады.
- Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен абыройын айшықтайтын қасиетті белгілер. Олар әр азаматтың жүрегінде елге деген мақтаныш сезімін қалыптастырып, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады. Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын! Көк байрағымыз биікте желбіреп, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз халқымыздың бірлігі мен тәуелсіздігінің символы ретінде әрдайым мәртебесін асқақтата берсін, – деді Оңал Бекеев.
Салтанатты шараға қатысушылар мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, ел тәуелсіздігінің нышандарын ұлықтады.