Полиция қызметі тек қоғамдық тәртіпті сақтап, құқық бұзушылықтардың алдын алумен ғана шектелмейді. Қызмет барысында адамгершілік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсететін оқиғалар да кездеседі. Солардың бірі Атырау облысында патрульдік полиция қызметкері полиция капитаны Ернар Қайржановтың қатысуымен орын алды.
Осыдан үш жыл бұрын Аққыстау ауылы маңында Нидерланд елінің азаматы жол-көлік оқиғасына ұшырады. Ұлымен бірге мотоциклмен әлемді аралап жүрген жиһанкез сапар барысында ауыр жарақат алып, шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болды.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері қажетті көмекті ұйымдастырып, шетелдік азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Еліне оралып, ұзақ уақыт ем қабылдауға мәжбүр болған саяхатшы өзіне аса қымбат екі мотоциклін уақытша сақтап беру туралы өтініш білдірген.
Бұл өтінішке түсіністікпен қараған полиция капитаны Ернар Қайржанов мотоциклдерді өз жауапкершілігіне алып, аманат ретінде сақтауға келіскен. Кейін олар әлеуметтік желі арқылы байланысып тұрғанымен, уақыт өте келе хабар алмасу тоқтаған.
Арада екі жылдан астам уақыт өткен соң Нидерланд азаматы қайта хабарласып, Қазақстанға келетінін жеткізеді. Оның басты мақсаты – өзі үшін ерекше құндылық саналатын мотоциклдерін алып кету болатын.
Кездесу сәті ерекше әсерге толы болды. Ұзақ уақыттан кейін мотоциклдерін сол күйінде көрген шетелдік азамат пен оның ұлы қуаныштарын жасыра алмады. Себебі бұл техникалар олар үшін жай ғана көлік емес, әлемді бірге аралаған өмір жолының ажырамас бөлігі еді.
– Әр адамның өміріндегі құндылық әртүрлі. Бұл мотоциклдердің иесі үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Біз үшін аманаттың орны ерекше. Қазақ халқы аманатты әрдайым қастерлеген. Сондықтан сеніп тапсырылған дүниені аман-есен иесіне қайтару – азаматтық борышым деп санадым, – дейді полиция капитаны Ернар Қайржанов.
Өз кезегінде шетелдік саяхатшы қазақстандық полицейдің жауапкершілігі мен қамқорлығына ерекше ризашылығын білдірді. Ол бұл оқиғаның Қазақстан туралы ең жылы естеліктерінің бірі болып қалатынын атап өтті.
Бұл оқиға адамгершілік, сенім және жауапкершілік сияқты асыл құндылықтардың ұлт пен мемлекетке бөлінбейтінін көрсетті. Ал полиция капитаны Ернар Қайржановтың әрекеті қазақстандық полицейлердің кәсіби біліктілігімен қатар, адами қасиеттерінің де жоғары екенін айқын дәлелдейді.