4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Астана қаласында өткен салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ведомстволық жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне алғашқы офицерлік шендерін табыстады.
Олардың қатарында Атырау облысының тумасы, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының үздік түлегі Ақерке Серікқали да болды. Жас маманға Мемлекет басшысының қолынан алғашқы «полиция аға лейтенанты» арнайы шені табысталды.
Ақерке Серікқали 2022 жылы ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсіп, төрт жыл бойы үздік білім алып, оқу орнын жоғары нәтижемен аяқтады. Енді жас офицер еңбек жолын Атырау облысы Полиция департаментінде жалғастырып, өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне өз үлесін қоспақ.
- Бала кезімнен полиция қызметкері болуды армандадым. Президенттің өз қолынан алғашқы офицерлік шен алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – зор сенім мен үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта халыққа адал қызмет етіп, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолында аянбай еңбек етемін, – дейді Ақерке Серікқали.
Жас офицердің бұл жетістігі – табандылық пен мақсатқа ұмтылыстың нәтижесі. Президент қолынан алғашқы шен алған Ақерке Серікқали енді Атырау облысы полициясының қатарын толықтырып, ел игілігі жолындағы қызметін бастайды.