Атырауда есірткіге қарсы айлық аясында мерекелік іс-шара өтті

Атырауда есірткіге қарсы айлық аясында мерекелік іс-шара өтті
Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес айлығы аясында Атырау қаласында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шара Атырау қаласы әкімдігі, Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңесінің бірлескен бастамасымен өткізілді. Басты мақсат – қоғам назарын есірткінің зиянына аудару, жас ұрпақтың бойында зиянды әдеттерге қарсы иммунитет қалыптастыру және белсенді өмір салтын дәріптеу.
Мерекелік шараны Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықов ашып, жастарды заңды құрметтеуге, денсаулықты сақтауға және қоғам игілігі үшін еңбек етуге шақырды.
Іс-шара барысында жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері қоян-қолтық ұрыс пен өзін-өзі қорғау тәсілдерін көрсетіп, кәсіби шеберліктерін паш етті. Сонымен қатар спорттық қойылымдар мен қауіпсіздікке бағытталған көріністер ұсынылып, қатысушылардың қызығушылығын арттырды. Шара патриоттық әндер мен жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес айлығы аясындағы іс-шаралар 26 маусымға дейін жалғасады.