Атырауда есірткіге қарсы айлық аясында заңсыз граффити жазулары жойылды

Атырауда есірткіге қарсы айлық аясында заңсыз граффити жазулары жойылды
25 мамыр мен 26 маусым аралығында Қазақстан Республикасының аумағында Халықаралық нашақорлыққа және есірткі айналымына қарсы күрес күніне орай айлық өткізілуде. Осыған байланысты Атырау қаласында облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Жастар рухы» жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда.
Іс-шара барысында ғимараттар мен қоршауларға салынған, есірткі құралдарын жарнамалайтын интернет-ресурстарға бағыттайтын заңсыз граффити жазуларын анықтау және жою жұмыстары жүргізілуде. Рейд нәтижесінде қала аумағында 10-ға жуық заңсыз граффити жазуы боялып, жойылды.
— Жыл басынан бері облыс көлемінде 60-қа жуық заңсыз граффити жазуы жойылды. Сонымен қатар, «Киберқадағалау» бағдарламасы арқылы құрамында заңсыз контенті бар, есірткі құралдарын жарнамалайтын 600-ге жуық интернет-сайт анықталып, оларды бұғаттау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне жолданды. Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабына сәйкес есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын насихаттау мен заңсыз жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген, — деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Айбол Ідірісов.
Полиция қызметкерлері азаматтарды есірткі заттарын жарнамалайтын граффити жазуларын байқаған жағдайда «102» арнасына немесе Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының 98-21-55 сенім телефонына хабарлауға шақырады.