Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Ешманов облыс аумағындағы барлық аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамымен кездесулер өткізіп, қызметтік тәртіпті нығайту, заңдылықты сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іссапар барысында Жылыой, Құрманғазы, Исатай, Индер, Мақат, Махамбет және Қызылқоға аудандарының полиция бөлімдерінде арнайы жиындар ұйымдастырылып, жеке құраммен ашық форматта пікір алмасу өтті. Кездесулердің негізгі мақсаты – ішкі істер органдары қызметкерлері арасында кәсіби жауапкершілікті арттыру, қызметтік тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтау, сондай-ақ халық сеніміне кері әсер ететін кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу. Жиын барысында қызметкерлердің кәсіби әдеп нормаларын ұстануы, азаматтармен қарым-қатынаста мәдениеттілік танытуы және қызметтік міндеттерді адал әрі сапалы орындауы мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтарға "мүлдем төзбеушілік" қағидатын орнықтыру және ішкі тәртіп талаптарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
— Полиция қызметкерінің басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір қызметкер заң талаптарын қатаң сақтап, кәсіби әдепті жоғары деңгейде ұстануы қажет. Тұрғындардың полицияға деген сенімі – біздің күнделікті жұмысымыздың басты бағасы. Сондықтан қызмет барысында заңдылық пен тәртіпке басымдық беріліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрдайым қатаң бақылауда болады — деді ол.
Кездесулер барысында аудандық полиция бөлімдерінің қызметтік көрсеткіштері сараланып, жеке құрамға қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату бағытында бірқатар міндеттер жүктелді.
Атырау облысы полиция департаментінде заңдылық пен тәртіпті нығайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.