Атыраулық полицейлер науқас егіз сәбилерді ауруханаға жедел жеткізді

Атыраулық полицейлер науқас егіз сәбилерді ауруханаға жедел жеткізді
Атырау облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері полиция капитандары Сағынтай Мырзашев пен Нұрлыбек Бағытжанов шұғыл жағдайда көмек көрсетті.
Қызмет барысында сағат 21:27 шамасында Атырау – Орал тас жолының 9-шақырым тұсында Сарайшық ауылынан Атырау облыстық балалар ауруханасына бағыт алған арнайы жедел жәрдем көлігі техникалық ақауға байланысты жолда тоқтап қалған.
Жедел жәрдем көлігінде науқас егіз сәбилер болған. Науқастардың жағдайын ескерген медицина қызметкерлері полициядан көмек сұраған.
Полицейлер сәбилерді, олардың анасын және медицина қызметкерін арнайы қызметтік автокөлікке отырғызып, жарқылдауық маяктар мен арнайы дыбыстық сигналдарды қосу арқылы Атырау қаласындағы облыстық балалар ауруханасына жедел түрде жеткізді.
Қазіргі таңда сәбилер дәрігерлердің бақылауында. Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында сәбилерге уақытылы медициналық көмек көрсетілді.