«Бекіре–2026» іс-шарасы: Атырауда 4 тоннадан астам заңсыз балық өнімдері тәркіленді

«Бекіре–2026» іс-шарасы: Атырауда 4 тоннадан астам заңсыз балық өнімдері тәркіленді
Атырау облысында 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында браконьерлік пен балық өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алу мақсатында «Бекіре–2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара барысында 4 тоннадан астам балық өнімдері тәркіленді. Оның ішінде 911 келіден астам бекіре тұқымдас балық және шамамен 1 келі бекіре уылдырығы бар. Тәркіленген өнімдер «Жайық-Бекіре өсіру зауытына» тапсырылды.
Жалпы іс-шара басталғалы балықтың заңсыз айналымына қатысты 152 құқық бұзушылық анықталып, 7 қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, 19 балық аулау құралы мен 10 су көлігі тәркіленді.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері мен уәкілетті органдар тарапынан профилактикалық жұмыстар да тұрақты жүргізілуде. Атап айтқанда, тұрғындар мен балық шаруашылығы субъектілеріне табиғат қорғау заңнамасының талаптары түсіндіріліп, заңсыз балық аулау мен балық өнімдерін заңсыз тасымалдау, сақтау және өткізу фактілерінің жауапкершілігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Полиция департаменті азаматтарды табиғат байлығын сақтауға жауапкершілікпен қарап, заңсыз балық аулау деректері анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.