Облыс аумағын қиып өтетін республикалық маңызы бар тас жолдарда жол-көлік оқиғалары жиеленуіне түрткі болатын себеп жүргізушілердің көлік құралын басқару кезінде тәуліктің түнгі және күндізгі мезгілдерінде қараусыз жол жиегіне жайылып жүрген үй жануарларына соқтығысуы. Соқтығыс салдарынан жануарлар өліп, жүргізушілер мен жолаушылар зардап шегіп көлікке зақым келіп, айтарлықтай материалдық шығын әкелуде. Жыл басынан бері үй жануарларының қатысуымен 3 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 2 адам қаза тауып, 3 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Мәселен, 21 мамыр күні Атырау-Индер тас жолының 122 шақырым тұсында Lada Granta автокөлігінің жүргізушісі жылқы малымен соқтығысқан. Салдарынан 1970 ж.т ер адам оқиға орнында қаза тауып, жолаушысы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
Айта кету керек, қараусыз жүрген малдары үшін үй жануарларының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, мұндай деректер әлі де тіркелуде.
Осыған байланысты жүргізушілерден жолда сақтық шараларын қатаң сақтап, әсіресе тәуліктің күндізгі және түнгі уақыттарында жылдамдықты шамадан тыс асырмауды сұраймыз. Сонымен қатар, жол бойында үй жануарларының жүру ықтималдығын ескеріп, аса мұқият болу қажет.