Ер есімі – ел есінде: полиция подполковнигі Дархан Бұлжанов майдангер атасын еске алды

Ер есімі – ел есінде: полиция подполковнигі Дархан Бұлжанов майдангер атасын еске алды
Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Атырау облысы полиция департаменті Анықтау басқармасының анықтаушысы, полиция подполковнигі Дархан Бұлжанов Ұлы Отан соғысының ардагері болған атасы Бұлжан Нұржановты еске алып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Бұл күн Дархан Сайынұлы үшін айрықша мәнге ие. Себебі олардың отбасы үшін Жеңіс мерекесі – тек тарихи күн ғана емес, ерлік пен елге адал қызмет етудің символы.
Атасы Бұлжан Нұржанов соғыс жылдарында мерген ретінде майдан даласында ерлік көрсетіп, Польша жерін азат ету шайқастарына қатысып, Берлинге дейін барған. Жауынгерлік батылдығы мен қайсарлығы үшін «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Ал әкесі Сайын Бұлжанов – Ішкі істер органдарының ардагері. Ол саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнап, ел тыныштығы жолында абыройлы қызмет етті. Қызметіне адал болып қана қоймай, ұлдарына да тәртіп пен Отанға деген сүйіспеншілікті, жауапкершілікті бойларына сіңіре білді.
Бүгінде әке жолын жалғаған Дархан Сайынұлы батыр бабасының рухына тағзым етіп, Мәңгілік алау басында үнсіз еске алды.
- Біз бейбіт өмірдің қандай қиындықпен келгенін жақсы түсінеміз. Аталарымыздың ерлігі – біз үшін мәңгілік өнеге. Сол кісілердің жанқиярлығының арқасында бүгін бейбіт аспан астында өмір сүріп отырмыз. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – дейді ол.
Жеңіс күні – өткенге тағзым жасап, батырлардың ерлігін ұлықтайтын қасиетті мереке. Ардагерлердің өнегелі өмір жолы мен Отан үшін жасаған жанқиярлығы кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақталады.