Атырауда полиция киберқауіпсіздік бағытында 200-ге жуық мемлекеттік қызметкермен кездесті

Атырауда полиция киберқауіпсіздік бағытында 200-ге жуық мемлекеттік қызметкермен кездесті
Қазіргі интернет кеңістігінде алаяқтықтың жаңа түрлері күн санап көбейіп отырған жағдайда, азаматтардың ақпараттық сауаттылығын арттыру және оларды онлайн қауіп-қатерлерден қорғау – құқық қорғау органдарының басты бағыттарының бірі.
Осыған байланысты Атырау облысы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы Құлсары қаласында 200-ге жуық мемлекеттік қызметкермен кездесу өткізіп, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен одан қорғану жолдары туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында тәртіп сақшысы интернет арқылы жасалатын қылмыстардың негізгі тәсілдеріне тоқталып, алаяқтардың арбауына түсіп қалған жағдайда қандай әрекет жасау керектігін нақты мысалдармен түсіндірді. Сондай-ақ қатысушыларға жалған инвестициялық жобалар, «фишинг» сілтемелер, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық тәсілдері кеңінен айтылды.
- Атырауда жыл басынан бері 350-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Алаяқтар көбінесе сенімге кіріп, жалған ақпарат пен түрлі айла-тәсілдер арқылы қаражатты иемденуге тырысады. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерге күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу, ресми емес сілтемелерге өтпеу және жеке деректерді мұқият қорғау қажеттілігі қатаң ескертіледі, — деді Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Дәурен Мұханбетәлиев.