17–18 сәуір күндері Атырау облысы мен қала аумағында «Жолда қабылдау» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара облыс көлемінде, сондай-ақ Ақтөбе–Атырау–Астрахань бағытындағы республикалық маңызы бар автожолда өтті.
Акцияға Атырау облысы полиция департаментінің қызметкерлері, көлік прокуратурасы, көліктік бақылау инспекциясы және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері қатысты.
Бір күн ішінде 300-ден астам тұрғын құқық қорғау органдарына жүгініп, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Азаматтар тарапынан ең көп қойылған сауалдар – әкімшілік айыппұлдар, жүргізуші куәлігін алу және ауыстыру тәртібі, көлік құралын тіркеу, жол қозғалысы ережелері, сақтандыру, техникалық байқау, сондай-ақ жол-көлік оқиғалары кезінде әрекет ету тәртібі болды. Сонымен қатар, кейбір тұрғындар жеке қауіпсіздік, интернет-алаяқтық, қоғамдық тәртіп және учаскелік полиция жұмысына қатысты сұрақтар қойды.
Акция барысында тәртіп сақшылары азаматтарға заң аясында кеңес беріп қана қоймай, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолдағы сақтық шаралары, апаттың алдын алу жолдары жан-жақты түсіндірілді.
«Жолда қабылдау» акциясының басты ерекшелігі – тұрғындар кез келген уақытта келіп, өз сұрақтарын тікелей құзырлы орган өкілдеріне қою мүмкіндігіне ие болуы. Бұл формат халық пен полиция арасындағы ашық диалогты нығайтып, өзара сенімді арттыруға ықпал етеді.