Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Оңал Бекеев Тайланд Корольдігінің Бангкок қаласында өткен кикбоксингтен Әлем кубогінде І орын иеленген полиция капитаны Гүлбану Саматованы жеңісімен құттықтады. Халықаралық додада қол жеткізілген бұл жетістік – ел абыройын асқақтатып, Қазақстан полициясының оң имиджін қалыптастыруға қосылған маңызды үлес болып табылады.
Сонымен қатар, жол үстінде есінен танып қалған жүк көлігінің жүргізушісіне дер кезінде көмек көрсетіп, оқыс оқиғаның алдын алған полиция майоры Нұрболат Ыстыбаев және полиция капитаны Асылжан Мұстафин департамент бастығының грамотасымен марапатталды. Полицейлердің жедел әрі кәсіби әрекеті азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғаудағы жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетті.
Оңал Бекеев қызметтік міндеттерін адал атқарып, қоғамдық тәртіп пен полиция имиджін көтеруге зор үлес қосқан қызметкерлердің еңбегін ерекше атап өтті. Ол мұндай жетістіктер жеке құрам үшін үлгі болып, халықтың полицияға деген сенімін арттыра түсетінін жеткізді.