«Атырау – есірткісіз қала»: Департаментте 100-ден астам студенттің қатысуымен ашық есік күні өтті

«Атырау – есірткісіз қала»: Департаментте 100-ден астам студенттің қатысуымен ашық есік күні өтті
Атырау облысы полиция департаментінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және есірткі құқықбұзушылығының профилактикасы кеңесінің ұйымдастыруымен жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және есірткі қылмысының алдын алу мақсатында ашық есік күні өтті. Іс-шараға 100-ден астам студент қатысып, құқық қорғау органдары қызметінің қыр-сырымен танысты. Кездесу барысында полицейлер нашақорлықтың зияны мен оның қоғамға тигізетін кері әсері туралы жан-жақты түсіндіріп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға және заң талаптарын сақтауға шақырды.
Іс-шара аясында қатысушылар Жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, «102» арнасына келіп түсетін хабарламалардың қабылдану тәртібін, сондай-ақ бейнебақылау жүйелері арқылы қала қауіпсіздігінің қалай қамтамасыз етілетінін көрді. Бұл жерде цифрлық технологиялардың құқық қорғау саласындағы маңызы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, кинолог-инспекторлардың қатысуымен өткен көрсетілімде қызметтік иттер есірткі мен жарылғыш заттарды анықтау бойынша жоғары дайындық деңгейін паш етті. Ал жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері арнайы күрес және жауынгерлік әдіс-тәсілдерін көрсетіп, өздерінің кәсіби әрі физикалық дайындығын айқын танытты.
Ашық есік күні студенттердің құқық қорғау органдары қызметіне деген қызығушылығын арттырып, олардың құқықтық сауаттылығын нығайтуға және қоғам мен полиция арасындағы өзара сенімді күшейтуге ықпал етті.