Атырауда 300 спортшы есірткіге қарсы марафонға қатысты

Атырауда 300 спортшы есірткіге қарсы марафонға қатысты
Атырау облыстық Киокушинкай каратэ-до ұлттық федерациясының ұйымдастыруымен қала аумағында 10–18 жас аралығындағы жас каратэшілер арасында «Есірткіге жол жоқ» ұранымен жүгіру марафоны өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың есірткіге қарсы тұрақты көзқарасын қалыптастыру, оларды спортқа баулу және салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ тәртіп, жауапкершілік пен заңға бағыну құндылықтарын нығайту.
Марафон барысында қатысушылар белгіленген қашықтықты жүгіріп өтіп, төзімділігі мен жігерін паш етті. Сонымен қатар, алаңда жас каратэшілердің қатысуымен көрсетілім ұйымдастырылып, спортшылар өздерінің жоғары дайындық деңгейі мен шеберлігін көрсетті. Іс-шара аясында облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы кеңесінің мүшелері есірткінің зияны мен оның құқықтық салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жастарға салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы кеңінен насихатталды.
Айта кетейік, шараға Атырау қаласындағы түрлі каратэ федерацияларынан шамамен 300-ге жуық спортшы қатысты. Мұндай ауқымды іс-шаралар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға және құқықбұзушылықтың алдын алуға зор ықпал етеді.