Бостандыққа шығатын сотталған азаматтарды қоғамға бейімдеу және оларды еріктілік қызметке тарту мақсатында Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы кеңесінің мүшелерімен бірлесіп, №79 түзеу мекемесінде кездесу өткізді.
Кездесу барысында сотталған азаматтарға еріктілік қызметтің қоғамдағы маңызы кеңінен түсіндірілді. Еріктілік – бұл өзгелерге көмек көрсетумен қатар, адамның жаңа өмір бастауына, өз орнын табуына және қоғаммен қайта байланыс орнатуына мүмкіндік беретін маңызды қадам екені атап өтілді. Сонымен қатар, мұндай қоғамдық жұмыстар азаматтардың жауапкершілігін арттырып, олардың оң әлеуметтік ортаға бейімделуіне ықпал ететіні айтылды. Жиында сотталған азаматтармен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, бостандыққа шыққаннан кейін қайырымдылық және профилактикалық іс-шараларға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
Нәтижесінде сотталғандардың басым бөлігі алдағы уақытта еріктілік қызметпен айналысуға ниетті екендіктерін білдіріп, қоғамға пайдалы болуға дайын екендерін жеткізді.