Атырау облысы аумағында 1 ақпан мен 30 сәуір күндері аралығында «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Басты мақсат – интернет-алаяқтықтың алдын алу, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ алаяқтық қылмыстарды анықтап, жолын кесу.
Аталған іс-шара аясында құқық қорғау органдары интернет желісі арқылы жасалатын алаяқтық деректерін анықтап, оларды жасаған тұлғаларды әшкерелеу бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы ақпарат берілуде. Қазақтелеком акционерлік қоғамымен бірлесіп атқарылған жұмыстар нәтижесінде өңірде «Anti-fraud Call-орталығы» іске қосылды. Аталған орталық алаяқтық Call-орталықтар арқылы азаматтарға жаппай жасалатын қоңыраулардың жолын кесуге бағытталған. Бүгінгі таңда орталықтың көмегімен 3000-нан астам алаяқтық қоңыраудың жолы кесіліп, олардың таралуы дер кезінде тоқтатылды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде іс-шара басталғалы интернет-алаяқтық бойынша 57 қылмыстық іс ашылды, оның 45-і эпизодтық сипатта.
Сонымен қатар, Instagram әлеуметтік желісінде «гүл сату» жарнамасын орналастырып, алаяқтықпен айналысқан тұлға анықталып, азаматтардың жаппай алдануының жолы кесілді.
Осыған байланысты, сіздерді сақ болуға шақырамыз:
– бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді және банк картасының мәліметтерін бермеңіздер;
– күмәнді сілтемелерге өтпеңіздер;
– алдын ала төлем талап ететін интернет-хабарландыруларға сенбеңіздер;
– банк қызметкерлері ешқашан құпия кодтар мен парольдерді сұрамайтынын есте сақтаңыздар.
Егер сіз алаяқтық әрекеттерге тап болсаңыз немесе күмәнді жағдайларды байқасаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыздар.