Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы кеңесінің мүшелерімен бірлесіп, №15 түзеу мекемесінде есірткі қылмыстары үшін жазасын өтеп жатқан 30-ға жуық сотталған азаматтармен кездесу өткізді. Негізгі мақсат – олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге дұрыс бағыт беру.
Кездесу барысында сотталғандарға заңнамадағы өзгерістер қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндірілді. Атап айтқанда, есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен оны өндіруге қатысатын тұлғаларға жаза қатаңдатылғаны, ал есірткіні алғаш рет «қойып кетуші» ретінде қылмыс жасаған және оны дайындауға қатысы болмаған азаматтарға жаза мерзімін жеңілдету мүмкіндігі қарастырылғаны айтылды. Сонымен қатар, түзелу жолына түскен азаматтар үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін жеңілірек жаза түрімен ауыстыру мүмкіндіктері бар екені жеткізілді.
Сондай-ақ, сотталғандарға бостандыққа шыққаннан кейін заң талаптарын сақтап, қылмыстық әрекеттерден аулақ болу қажеттігі түсіндірілді. Өткен қателіктерінен сабақ алып, қоғамға пайдалы болуға, әсіресе жастар арасында есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарына атсалысуға шақырылды. Бұл олардың жаңа өмір бастауына және қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік беретіні ерекше атап өтілді.