Атырау облысы полиция департаментінде өткен «Заң мен тәртіп: Қауіпсіз балалық шақ кепілі» атты іс-шара аясында жас буынның білімі мен жаңашылдығын танытқан кездесу ұйымдастырылды. Шараға облыстық және республикалық деңгейдегі робототехника байқауларына қатысып жүрген дарынды оқушылар қатысып, өз жобаларын таныстырды.
Атап айтқанда, «Зияткер» мамандандырылған мектеп-лицей интернатының 9-сынып оқушылары Нұрәділ Әміре мен Әліби Еніс жол жүрісіне арналған, заманауи технологиялар негізінде әзірленген жобаларын ұсынды.
Жас өнертапқыштар өз еңбектерін Атырау облысы полиция департаментінің бастығы генерал-майор О. Бекеевке таныстырып, жобаның мазмұны мен тиімділігі туралы кеңінен баяндады. Департамент бастығы оқушылардың бастамасы мен ғылыми ізденістеріне жоғары баға беріп, оларды арнайы алғыс хатпен марапаттады.
Аталған оқушылар робототехника саласында табысты жобалар әзірлеп, түрлі деңгейдегі байқауларда белсенділік танытып жүрген дарынды жастардың қатарында. Олардың тың идеялары мен ізденістері – ел болашағының жарқын көрінісі.
Осындай жастардың еңбегі қоғам қауіпсіздігін арттыруға және инновациялық ойлауды дамытуға зор үлес қосатыны сөзсіз.