Атырау облысы полиция департаментінде “Заң мен тәртіп: Қауіпсіз балалық шақ кепілі” атты мектеп оқушылары мен жасөспірімдерге рухани тәрбие беріп, отансүйгіштік құндылықтарды насихаттауға бағытталған форум өтті. Тағылымды іс-шараға ерекше ерлігімен елге үлгі болған жас батыр Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Дінмұхаммед Жаңбырбай Серікұлы қонақ ретінде шақырылды.
Батыр бала Дінмұхаммед небәрі 8 жасында суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқарып, көпшілікке үлгі боларлық ерлік көрсеткен. Оның бұл қайсарлығы мен батылдығы жоғары бағаланып, іс-шара кезінде Атырау облысы полиция департаментінің бастығы генерал-майоры О.Бекеевтің тарапынан арнайы марапатталды.
Айта кету керек, Дінмұхаммед бұған дейін де өзінің ерлігі үшін бірқатар марапаттарға ие болған. Ол Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағдайлар қызметі және «Жас патриот» ұйымы атынан үш бірдей медальмен марапатталған.
Кездесу барысында оқушылар жас батырмен еркін пікір алмасып, оның ерлігі туралы тың мәліметтерге қанықты.
Дінмұхаммед Серікұлының ерлігі оқушыларды әрқашан батыл болуға, қиын сәтте бейжай қалмауға және адам өмірін бағалай білуге шақырады. Өйткені мұндай тағылымды кездесулер жас буынның бойында елжандылық пен жауапкершілікті қалыптастырып, қоғамға пайдалы азамат болып өсуіне ықпал етеді.