"Қауіпсіз балалық шақ кепілі": Атыраулық оқушыларға арналған ауқымды форум өтті

"Қауіпсіз балалық шақ кепілі": Атыраулық оқушыларға арналған ауқымды форум өтті
8 сәуір күні Атырау облысы полиция департаментінде «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында мектеп оқушылары мен студенттерге арналған ауқымды форум ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығын көрсету және өскелең ұрпақтың отансүйгіштік рухын нығайту болды. Шараға 300-ге жуық оқушы мен студент, сондай-ақ Полиция Департаменті жанындағы Есірткі құқық бұзышылықтарының профилактикасы кеңесінің мүшесі, білім беру ұйымдарының өкілдері мен полиция департаментінің басшылығы қатысты.
Форум аясында қатысушылар үшін мазмұнды әрі танымдық бағдарлама ұсынылды. Соның ішінде жас өрендер ерекше қызығушылық танытқан VR Police Experience аймағында виртуалды шындық технологиясы арқылы полиция қызметінің жұмыс процесін сезініп көрді. Сонымен қатар, қатысушылар Жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, «102» арнасы мен бейнебақылау жүйелері арқылы қала қауіпсіздігінің қалай қамтамасыз етілетініне көз жеткізді. Бұл бөлімде цифрлық технологиялардың құқық қорғау саласындағы маңызы кеңінен түсіндірілді. Іс-шара барысында «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлінісі мен ЖҚАЖ (СОБР) қызметкерлері жауынгерлік тәсілдер мен жедел ұстау операцияларын көрсетіп, көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ, көрме алаңында заманауи техникалар таныстырылды. Қатысушылар жол қозғалысын автоматты түрде бақылайтын «Кибер-шериф» автокөлігін, «Ekin patrol» мобильді кешенін, дрондарды және криминалистердің арнайы құрал-жабдықтарын жақыннан көріп, олардың қызметімен танысты. Кинологиялық қызмет мамандарының қатысуымен өткен көрсетілім де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қызметтік иттер есірткі мен жарылғыш заттарды анықтау бойынша өз шеберліктерін көрсетті.
Шара соңында Өңірдің бас полицейінің қатысуымен ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. «Ашық микрофон» форматында өткен кездесуде оқушылар мен студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, полиция қызметіне орналасу тәртібі мен талаптары туралы жан-жақты ақпарат алды.