Ішкі істер органдары жүйесіндегі жауапкершілігі жоғары әрі маңызы зор қызметтердің бірі – тергеу құрылымы.
Осыған орай, Атырау облысы полиция департаментінде тергеу қызметі күніне арналған іс-шара өтті. Шара барысында Атырау облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Оңал Бекеев қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күресте адал еңбегімен ерекшеленген тергеушілерді марапаттады.
Атап айтқанда, ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовтың бұйрығына сәйкес, бірқатар қызметкерлер «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрінің грамотасымен және алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Санжар Адиловтың алғыс хатымен қызметкерлердің ата-аналары марапатталып, олардың ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегі ерекше атап өтілді.