Атырау қаласы полиция басқармасы Патрульдік полиция батальонының ұйымдастыруымен патрульдік полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевті еске алуға арналған полиция қызметкерлері арасында кіші аяқ добынан турнир өтті. Мақсаты – тәртіп сақшыларының кәсіби шеберлігін арттыру, командалық рух пен әріптестік ынтымақтастықты нығайту.
Турнирге Атырау облысы ПД, қалалық полиция басқармасы, №1 және №2 қалалық полиция бөлімдерінің қызметкерлері, «Динамо» және блогерлерден құралған 10 команда қатысты. Жарыс нәтижесінде өзгелерден оза шапқан Атырау қалалық полиция басқармасы I орынды иеленсе, №2 қалалық полиция бөлімі II орын және «Динамо» спорт және дене шынықтыру қоғамы» қоғамдық бірлестігі III орынды қанжығалады.
Сонымен қатар, «Үздік ойыншы», «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы», «Үздік қатысушы» номинациялары бойынша үздіктер марапатталды.
Турнир соңында әріптестері Шалқар Ақымғалиевтің қызметтегі адалдығы мен адамгершілігін еске алып, оның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталатынын атап өтті. Осындай спорттық шаралар ұжым ішінде бірлікті бекемдеп қана қоймай, ерлікпен қызмет атқарған әріптестердің есімін ұмытпауға бағытталған игі дәстүрге айналып келеді.