Қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы – саналы әрі жауапты жастардың қолында. Заңды құрметтеп, тәртіпті ту еткен жас буын ғана елдің берік іргетасын қалыптастыра алады.
Осы бағытта Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Жас ұрпақ көзқарасымен: Заң мен тәртіптің болашағы» атты тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы, сондай-ақ отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері мен прокуратура өкілдері қатысты.
Конференция барысында құқық қорғау органдарының өкілдері қоғамда жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың түрлеріне тоқталды. Атап айтқанда, интернет-алаяқтықтың кең таралу жолдары, азаматтарды алдау тәсілдері және одан сақтану амалдары түсіндірілді. Сонымен қатар, есірткі қылмыстарының қоғамға тигізетін зияны, оның жастар арасындағы қауіпі және заң алдындағы жауапкершілік мәселелері нақты мысалдар арқылы баяндалды. Бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, зардап шеккендерге көмек көрсету тетіктері және құқықтық қорғану жолдары түсіндірілді. Спикерлер жастарға тек құқық бұзушылықтың салдарын айтып қана қоймай, әр азаматтың қауіпсіз қоғам қалыптастырудағы жеке жауапкершілігіне ерекше назар аударды.
Жиында жастар мен тәртіп сақшылары арасындағы өзара сенімді нығайту, заң талаптарын сақтау, цифрлық қауіпсіздік мәдениетін арттыру және құқықтық сауаттылықты дамыту мәселелері айтылды. Іс-шараға университеттің 300-ге жуық студенті қатысып, болашақ мамандар құқықтық тәртіптің маңызын терең түсінді.
Полиция қызметкерлері жастарды заңды құрметтеуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғам қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырды.