Облыс аумағында 6–10 сәуір аралығында республикалық «Мал ұрлығына жол жоқ» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Басты мақсат – мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу және олардың жолын кесу.
* мал жаю қағидаларын сақтау, жануарларды сәйкестендіру және GPS-бақылау құралдарын пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі;
* ауылдық округтерде қаңғыбас малға арналған қоралар құру және оларды қаржыландыру мәселелері қарастырылады;
* ветеринариялық қызметтермен бірлесіп, аулаларды аралау арқылы тексеру жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, жыл басынан бері Атырау облысында мал ұрлығының 4 дерегі тіркелген. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 23 мамандандырылған қора ұйымдастырылып, 360 бас мал қамалды.
Құрметті тұрғындар! Мал жаю қағидаларын бұзған және жануарларды міндетті сәйкестендіру талаптарын орындамаған тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406 және 408-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз.