Жастар арасында заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыру мақсатында облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп «Есірткісіз жарқын өмір» тақырыбында бейнероликтер байқауын ұйымдастырды. Басты мақсат – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әдеттердің алдын алу.
Байқауға 20-дан астам мектеп оқушысы қатысып, шарттарға сәйкес жасанды интеллект пен заманауи цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, есірткінің зияны мен оның қоғамға тигізетін кері әсерін көрсететін мазмұнды бейнероликтер әзірледі.
Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен үздік жұмыстар анықталып, жүлделі І, ІІ және ІІІ орын иегерлері марапатталды. Жеңімпаздарға Атырау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Оңал Бекеевтің атынан арнайы алғыс хат табысталып, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан бағалы сыйлықтар берілді.
Айта кетейік, жыл басынан бері тәртіп сақшылары Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алуға бағытталған 50-ден астам профилактикалық іс-шара өткізді.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.