Атыраулық полицей Али Тунч: «Ана тілім – қазақ тілі»

Атыраулық полицей Али Тунч: «Ана тілім – қазақ тілі»
Ел тыныштығын күзету – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін қызмет. Осындай жауапты жолды таңдаған жас полицейлердің бірі – Жылыой аудандық полиция басқармасына қарасты әкімшілік тәртіппен ұсталғандарды арнайы қабылдау орнының полицейі, полиция сержанты Тунч Али Кенанович.
Али 2002 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Ұлты – түрік. Әкесі Түркия Республикасының азаматы болса, анасы – Қазақстан азаматы. Әкесі бір кездері Қазақстанда еңбек еткен. Али бала кезінен Қазақстанда өсіп-жетіліп, бұл елді өзінің туған жеріндей жақсы көреді.
Бала күнінен форма киіп, елге қызмет етуді армандаған. Сол арманы оны әскери қызметке алып келді. 2022 жылдың 7 қазанынан 2023 жылдың 9 қазанына дейін Қонаев қаласында орналасқан десанттық-шабуылдау әскерлерінің №32363 әскери бөлімінде қызмет атқарды. Әскери борышын өтеу барысында 2-десанттық шабуылдау батальонының 4-десанттық шабуылдау ротасында граната атқыш лауазымында болды. Бұл кезең жас сарбаз үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналды.
Әскери борышын өтеп келгеннен кейін ол құқық қорғау саласына бет бұрып, 2024 жылдың наурыз айында ішкі істер органдарындағы қызметін бастады. Алғашқы еңбек жолын Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында полицей ретінде бастап, бүгінде Жылыой аудандық полиция басқармасына қарасты әкімшілік тәртіппен ұсталғандарды арнайы қабылдау орнында адал қызмет атқарып келеді.
- Мен үшін Қазақстан қалаларының ішінде жүрегіме ең жақыны – туған қалам Атырау. Бұл қаланың тұрғындарының қонақжайлығы мен бауырмалдығын ерекше атап өткім келеді. Бізде адамдардың бір-біріне деген шынайылығы мен жылы қарым-қатынасы басты ерекшелік деп білем. Мүмкіндік болса, шетелдік достарым және өзге ел азаматтарын Қазақстанға саяхаттауға шақырғым келеді. Себебі біздің еліміздің әсем табиғатын әлемге танығанын қалаймын, - дейді полиция сержанты.
Қызмет барысында оның есінде ерекше сақталған оқиғалардың бірі – желтоқсан айындағы түнгі кезекшілік. Жаңа жыл мерекесі жақындап қалған уақыт еді. Али жаяу патруль құрамында қызмет атқарып жүрген. Түнгі сағат шамамен 01:30 кезінде көшеде жалғыз жүрген 6–7 жас шамасындағы кішкентай баланы байқайды. Баламен сөйлесіп, оның дүкеннен келе жатқанын анықтайды. Кейін үйінің мекенжайын сұрап, баланы аман-есен анасының қолына табыстайды. Баланың анасы жас полицейге шынайы алғысын білдіреді. Али үшін бұл оқиға жүрегінде жылы естелік болып сақталып қалды.
Оның айтуынша, халықпен жұмыс істеудің аса қиындығы жоқ. Ең бастысы – әр адамға сабырмен қарап, шыдамдылық пен түсіністік таныта білу.
Алидің Қазақстанда қалуына әсер еткен жайттардың бірі – достары мен туыстарының барлығы осы елде тұратыны. Сондықтан ол өзін әрдайым Қазақстанның азаматы ретінде сезінеді.
Қызметтен тыс уақытта Али спортпен белсенді айналысады. Ол комбат дзю-дзюцу спорт түрінен Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атағына ие болған. Бұл оның табандылығы мен мақсатқа жетудегі жігерін айқындай түседі.
Қазіргі таңда Тунч Али Кенанович ел тыныштығын сақтау жолында адал қызмет атқарып келеді. Ол үшін полицей болу – адамдарға көмектесу, қоғамдағы тәртіпті сақтау. Алдағы уақытта да өз міндетін жауапкершілікпен орындап, халық сенімін ақтау – оның басты мақсаты.