Учаскелік полиция инспекторы – тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жауапты қызмет иесі. Ол өз аумағындағы азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдарын мұқият қарап, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң аясында шешу бағытында жұмыс жүргізеді.
Айбол Саинов 2025 жылы қазан айында Атырау қаласы полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің учаскелік полиция инспекторы лауазымына қабылданды. Жасы – 23-те. Ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Заң саласындағы алған білімі мен кәсіби дайындығы қазіргі қызметінде тиімді қолданылып келеді.
Қызметке орналасқан жылдың алғашқы айларында ҚР ҚК-нің 108-бабы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша тіркелген төрт қылмыстық істі анықтап, күдіктілерді жауапкершілікке тартып, істерді сотқа жолдады. Бұл оның қызметке деген жоғары жауапкершілігін және жедел әрекет ету қабілетін көрсетеді. Сонымен қатар ол күн сайын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрғындармен тұрақты түрде профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қызметтен бөлек, жас полицей Айбол кикбокс спорт түрінен Спорт шеберіне үміткер. Оның бұл қызығушылығы мектеп кезінен басталған.
- Кикбокс маған тәртіп, шыдамдылық және табандылық қасиеттерін қалыптастырды деп айта аламын. Республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, финалист атандым. Бұл жолды таңдауға әкемнің ықпалы зор болды. Себебі әкем салауатты өмір салтын ұстануды әдетке айналдырған,- дейді ол.
Айбол Саинов үшін полиция қызметі – қоғам алдындағы жауапты міндет. Ол заңдылықты сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында табанды еңбек етуді мақсат етеді.