Қоғамдық тәртіптің сақталуы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде құқық қорғау саласы қызметкерлерінің еңбегі зор. Осы жауапты міндетті адал атқарып, өз кәсібін мақтаныш тұтатын жандардың бірі – полиция майоры Асланбек Боранбайұлы Хасанов.
1985 жылдың 23 ақпанында дүниеге келген Асланбек Боранбайұлы Батыс Қазақстан облысында заңгер мамандығы бойынша білім алған. Ол бүгінде бала күнгі асқақ арманына қол жеткізіп, ішкі істер органдарында абыройлы қызмет етіп келеді. Еңбек жолы 2011 жылдың наурыз айында басталды. Қазіргі таңда ол туған жері Индербор кентінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып, тұрғындардың тыныштығын күзетуде.
– Мен қызмет ететін аумақта 1600-ден астам тұрғын бар, 340-қа жуық үй орналасқан. Әр шаңырақтың жағдайынан хабардар болу – біздің басты міндетіміз. Өйткені учаскелік полиция инспекторының күнделікті жұмысы халықпен етене араласудан басталады. Қоғамдық тәртіпті бақылау, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, тұрғындарға заң аясында кеңес беру – біздің негізгі қызметіміз. Әрдайым өз міндетімді адал атқарып, тапсырмаларды уақытында орындауды, жұмысқа кешікпеуді басты қағида санаймын,- дейді ол.
Полиция майорының айтуынша, қызмет барысында түрлі жағдайлар кездеседі. Солардың кейбірі адам жадында ұзақ сақталып қалатыны бар.
– Бірнеше жыл бұрын кешкі уақытта төтенше жағдай болды. Жаңа салынып жатқан көпқабатты үйдің жанында ойнап жүрген 5–6 жасар қыз бала абайсызда ашық тұрған құдыққа түсіп кетеді. Құдықтағы су деңгейі тізеден келгенімен, кішкентай бала үшін бұл үлкен қауіп еді. Сол сәтте жедел әрекет етіп, бүлдіршінді аман-есен алып шықтым, – дейді Асланбек.
Осы батыл әрекеті үшін Асланбек Боранбайұлы Атырау облысы полиция департаментінің бастығының арнайы марапатына ие болған.
Бүгінде ол халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында күн сайын профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Асланбек Хасановтың қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тәжірибесі мен батылдығы – полиция қызметінің антқа адалдығының айқын көрінісі іспеттес.