Атырау облысы полиция департаментінің Жедел басқару орталығы – қала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі құрылымдардың бірі. Мұнда түскен әрбір хабарлама жедел тіркеліп, тиісті полиция күштері оқиға орнына бағытталады. Қазіргі уақытта орталықта 95 қызметкер жұмыс істейді. Олар қылмыс пен түрлі оқиғалар туралы хабарламаларды қабылдап, тіркеп, жедел-тергеу топтары мен полиция қызметкерлерін дер кезінде бағыттайды.
Осы қызметтің жұмысын ұйымдастыруға үлес қосып жүрген мамандардың бірі – Жедел басқару орталығы бастығының орынбасары әрі жедел ден қою бөлімінің бастығы полиция полковнигі Жанат Елемесқызы Рахметова. Ол ішкі істер органдарында 2004 жылдан бері қызмет етеді, 2019 жылдан бастап қазіргі лауазымында қызмет атқарады. Қызмет барысында Жанат Елемесқызы бірқатар қылмыстарды ашуға қатысып, 2012 жылы «Ішкі істер органдарының үздігі» марапатына ие болған.
– «102» арнасына тәулігіне 250-300 қоңырау түседі. Сонымен қатар «Police 102», «eGov Mobile», «
Kaspi.kz», «Halyk Bank» сервистері арқылы да хабарламалар қабылданады. Қазіргі таңда жүйе жаңартылған «ЖБО 2.0» бағдарламасымен жұмыс істейді. Бағдарламаның ерекшелігі мекенжай автоматты түрде анықталып, ақпарат бірден тиісті бөлімшеге жолданады. Бұл әрекет ету уақытын қысқартады, – дейді полиция полковнигі.
Жанат Рахметованың әкесі отставкідегі полиция полковнигі Елемес Рахметов Ермекұлы ішкі істер саласында 33 жыл қызмет атқарған. Әке жолын жалғаған ол полиция қызметін өмірлік таңдау деп біледі.
– Қызмет тәулікпен санаспайды. Дегенмен, отбасының қолдауы маңызды. Бос уақытымды жақындарыма арнауға тырысамын, – дейді ол.
Жедел басқару орталығының негізгі міндеті – қоғам тыныштығын сақтау. Әрбір қоңырауға жедел жауап беру тұрғындардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Жанат Елемесқызы сынды сала мамандарының еңбегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы жүйелі жұмыстың айқын көрінісі іспеттес.