Көптеген жол-көлік оқиғалары жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруынан және өз өмірі мен өзгелердің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауынан орын алады.
9 наурыз күні Құлсары – Атырау бағытымен келе жатқан автокөліктің жылдамдықты шектен тыс арттырғаны «Кибер-шериф» құрылғысы арқылы тіркелді. Бұл құқық бұзушылықты байқаған патрульдік полиция ротасының взвод командирі көлікті тоқтатып, жүргізушімен профилактикалық әңгіме жүргізді.
Ал жүйеде тіркелген құқық бұзушылыққа қатысты әкімшілік хаттама автоматты түрде рәсімделді.
– Көлікті тым жылдам жүргізіп келе жатырсыз. Бұл өзіңізге де, жолдағы басқа адамдарға да қауіп төндіреді. Бүгін ауа райының қолайсыз екенін көріп тұрсыз. Жолдың тайғақтығы туралы 112 қызметінен ескерту де жіберілді. Жолда мұқият болуыңызды сұраймын, – деді взвод командирі жүргізушіге.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, әсіресе ауа райы қолайсыз кезде жылдамдықты төмендетіп, жол жағдайын ескеріп жүруді ескертеді. Жылдамдықты шамадан тыс асыру – жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі. Әрбір жүргізуші жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік ең алдымен өзінің жауапкершілігі екенін ұмытпауы тиіс.
Айта кетейік, республика көлемінде құқық бұзушылықтың алдын алу және көшелер мен қоғамдық орындарда тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында 10-13 наурыз аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.