Атырауда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жүгіру марафоны өтті

Атырауда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жүгіру марафоны өтті
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Run Club Atyrau жүгіру клубы мен Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен әйелдер арасында жүгіру марафоны өтті.
Спорттық шараға 18 бен 35 жас аралығындағы 250-ден астам қала тұрғыны қатысып, 3 және 5 шақырымдық қашықтықта бақ сынады. Қатысушылар өздерінің шапшаңдығы мен төзімділігін көрсетіп, салауатты өмір салтын насихаттауға өз үлестерін қосты. Шараның басты мақсаты – спорт арқылы қоғамда белсенді өмір салтын дәріптеу, әйелдердің денсаулығын нығайту және оларды спортқа кеңінен тарту.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар алтын, күміс және қола жүлделерді иеленді. Жеңімпаздарға Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы атынан бағалы сыйлықтар табысталды.
— Бүгінгі марафон – нәзік жандардың белсенділігі мен өмірге деген құштарлығын айқын көрсететін игі бастама. Әйелдердің қоғамдағы рөлі ерекше, олардың денсаулығы мен белсенді өмір салты – отбасының да, қоғамның да берекесінің негізі. Осындай спорттық шаралар арулардың бойындағы күш-жігерді арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Барша нәзік жандарды көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын, – деді Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Айбол Ідірісов.