Атырауда жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған рейд өтті

Атырауда жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған рейд өтті
21 ақпаннан бастап Атырау облысы полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасы жеке тұлғалар тарапынан жолаушылар мен жүктерді заңсыз тасымалдау деректерін анықтау және олардың жолын кесу мақсатында «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Қазіргі уақытта облыстық және республикалық маңызы бар тас жолдарда полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Тексеру барысында көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу, сондай-ақ жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын сақтамаудың 700-ге жуық дерегі анықталды. Құқық бұзушыларға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қолданылды. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары жүргізушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, жол ережелерін бұзудың салдары, оның ішінде адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін факторлар туралы айтылды.
Жол сақшылары жүргізушілерді көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон қолданбауға, жылдамдық режимін сақтауға, сондай-ақ көлік құралдарының техникалық жағдайын тұрақты түрде тексеріп отыруға шақырды.
Заң талаптарын сақтау – қауіпсіз жол қозғалысының кепілі. Қауіпсіздік – баршамызға ортақ міндет!