Криминалист Шапағат Бағытов: менің міндетім – әр ізді дұрыс рәсімдеу

Криминалист Шапағат Бағытов: менің міндетім – әр ізді дұрыс рәсімдеу
Қылмыс орнында көзге көрінбейтін көптеген із қалады. Оларды дер кезінде анықтап, дұрыс рәсімдеу – криминалистің негізгі міндеті. Әрбір саусақ ізі мен ұсақ деталь істің мән-жайын ашуға ықпал ететін маңызды дәлел бола алады. Сондықтан бұл сала жоғары жауапкершілік пен мұқияттылықты талап етеді.
Шапағат Бағытов Болатұлы – Жедел-криминалистика бөлімінің криминалисті полиция аға лейтенанты. Ол 1996 жылғы 1 мамырда Атырау облысы Индер ауданында дүниеге келген. 2014 жылы арнайы орта білім алып, сол жылы 6637 әскери бөлімінде әскери борышын өтеген. 2015 жылы полиция қызметіне қабылданып, алдымен аға сержант шеніне дейін, кейін 2024 жылы лейтенант атағын алып қызмет жолын криминалистика бөлімінде жалғастырады.
– Қызмет барысында заң талаптарын қатаң сақтауға, әрбір миллиметрге мұқият қарауға, фото және бейнефиксацияны толық жүргізуге, дәлелдемелердің сақталуын қамтамасыз етуге баса мән беремін. Тек солай әділдікті қамтамасыз етуге болады. Сол себепті оқиға орнын сапалы қарау, материалдық дәлелдемелерді анықтау, бекіту, алу және сараптамаға жолдау арқылы қылмыстың ашылуына үлес қоса аламын,- дейді тәртіп сақшысы.
Криминалист мамандығы талдау мен жүйелілікті талап ететін сала. Дұрыс рәсімделген із істің шешілуіне негіз болады, ал жіберілген қателік маңызды дәлелдің жоғалуына әкеледі. Сондықтан дәлдік пен тәртіп бұл қызметте әрқашан басты орында.