Департаментте өңірдегі күзет мекемелерінің қатысуымен жиын өтті

Департаментте өңірдегі күзет мекемелерінің қатысуымен жиын өтті
Атырау облысы полиция департаментінде облыстағы 100-ге жуық күзет мекемелерінің басшылары және өкілдері кеңейтілген жиынға шақыртылды. Жиынға өңірдің бас полицейі полиция генерал-майоры Оңал Ботайұлы Бекеев пен облыс әкімінің орынбасары Дарын Дүйсенбайұлы Шамұратов қатысып, аймақтағы қауіпсіздік ахуалы мен күзет мекемелерінің жұмысын жетілдіру мәселелерін талқылады.
Жиын барысында өңір аумағындағы күзет ұйымдарының қызмет сапасы, лицензиялық талаптарды сақтау, қызметкерлердің кәсіби даярлығы, материалдық-техникалық жарақтандырылуы және заманауи қауіпсіздік құралдарын қолдану деңгейі сөз болды. Сонымен қатар білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау мекемелері, мемлекеттік және әлеуметтік нысандар, сондай-ақ тұрғындар көп шоғырланатын сауда орталықтары мен ойын-сауық орындарындағы қауіпсіздікті күшейтуге ерекше назар аударылды.
Полиция департаментінің басшысы өз сөзінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ортақ міндет екенін атап өтіп, жеке күзет ұйымдарының жауапкершілігі жоғары болуы керектігін жеткізді. Әсіресе мектептер мен балабақшалардағы қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы, бейнебақылау жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі, төтенше жағдайлар туындаған кезде әрекет ету алгоритмдерінің нақты болуы қажеттігі айтылды.
Кездесу барысында құқықбұзушылықтардың алдын алу, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейту, ақпарат алмасуды жеделдету мәселелері де көтерілді. Күзет мекемелері өкілдерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, бірқатар өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жиын қорытындысы бойынша нысандардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, қызмет сапасын жақсарту және қолданыстағы талаптарды қатаң сақтау бағытында нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі атап өтілді.