Тергеушінің бір күні: Райхан Отарғалиеваның жауапты қызметі

Тергеушінің бір күні: Райхан Отарғалиеваның жауапты қызметі
Атырау қаласы полиция басқармасы Тергеу бөлімінің аға тергеушісі полиция майоры Райхан Отарғалиева Бигалиевна үшін әр жұмыс күні – жауапкершілікті талап етеді. Таңғы уақыттан бастап оның қызметі қылмыстық істерді зерделеуден, азаматтардың арыз-шағымдарын қараудан және тергеу әрекеттерін жоспарлаудан басталады.
2010 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет атқарып келе жатқан Райхан тергеу саласында мол тәжірибе жинақтаған. Күнделікті жұмыс барысында ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларының сапалы әрі заң талаптарына сай жүргізілуін қамтамасыз етеді. Әрбір процессуалдық шешімнің уақытылы қабылдануы мен тергеу әрекеттерінің белгіленген мерзімде орындалуы – оның тұрақты бақылауында.
Тергеушінің бір күні тек құжатпен шектелмейді. Ол қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді жинақтап, талдап, өндірістен тоқтатылған немесе мерзімі өтіп кеткен істерге жүйелі сараптама жүргізеді. Мұндай жұмыс қылмыстың алдын алуға және заң бұзушылықтардың себеп-салдарын жоюға бағытталған нақты шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Азаматтардың өтініштерін қарау кезінде полиция майоры әр істің мән-жайын жан-жақты зерттеп, заңды әрі әділ шешім қабылдауды басты қағида санайды. Сондай-ақ заңды күшіне енген сот үкімдері бойынша заттай дәлелдемелердің, қылмыс құралдары мен тыйым салынған заттардың белгіленген тәртіппен жойылуы немесе мемлекет кірісіне өткізілуді қадағалау да оның күнделікті қызметінің бір бөлігі.
Осылайша, Райхан Отарғалиева заңдылықты сақтау, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау жолындағы күн сайын тынымсыз еңбек етіп келеді.